Жаз мезгілі көпшілік үшін демалыс, саяхат және көптен күткен еңбек демалысымен байланысты. Алайда бұл кезең кейбір адамдар үшін сынаққа айналуы мүмкін: аптап ыстық, күн тәртібінің өзгеруі және зейіннің төмендеуі жұмыс өнімділігіне әсер етеді. Соған қарамастан, жұмыс міндеттері тоқтап қалмайды. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ (МТАЖО АҚ) сарапшылары ең ыстық күндері де өнімділікті сақтауға және эмоционалдық шаршаудың алдын алуға көмектесетін қарапайым тәсілдермен бөліседі.
1. Маңызды істерді күннің бірінші жартысында орындаңыз
Жазда ағза ыстықтың әсерінен тезірек шаршайды. Сондықтан ең күрделі және жауапты тапсырмаларды таңғы уақытқа жоспарлаған жөн. Бұл кезде адамның энергиясы мен зейіні жоғары болып, жұмысты тиімді орындауға және шешімдерді жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.
2. Қысқа үзілістер жасауды ұмытпаңыз
Үзіліссіз ұзақ жұмыс істеу зейіннің төмендеуіне және шаршаудың артуына әкеледі. Мамандар әр 60–90 минут сайын шағын үзіліс жасап, серуендеп келуді, жеңіл жаттығу жасауды немесе бірнеше минутқа экраннан көзді алуды ұсынады. Бұл зейінді қайта қалпына келтіріп, ағзаға түсетін жүктемені азайтады.
3. Су ішу режимін сақтаңыз
Тіпті ағзаның аздап сусыздануының өзі жұмыс қабілетіне, есте сақтау мен назар аударуға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ыстық күндері шөлдегенді күтпей, суды тұрақты түрде ішіп отыру маңызды. Жұмыс орнында су құтысын ұстау сергектік пен белсенділікті сақтауға көмектеседі.
4. Ақпараттық шуды азайтыңыз
Жаз мезгілінде әлеуметтік желілерге, жаңалықтарға немесе жеке хаттарға жиі алаңдау қалыпты жағдай. Алайда үздіксіз келетін хабарламалар назарды бөліп, тапсырмаларды орындау уақытын ұзартады. Сондықтан хабарламаларды тексеруге арнайы уақыт бөліп, жұмыс барысында қажетсіз ескертулерді өшірген жөн.
5. Тек жұмысты емес, демалысты да жоспарлаңыз
Жазғы күйзелістің негізгі себептерінің бірі – сапалы демалыстың болмауы. Еңбек демалысы әлі алда болса да, таза ауада серуендеуге, жақындармен уақыт өткізуге және өзіңізге ұнайтын істермен айналысуға уақыт табу маңызды. Сапалы демалыс мотивацияны сақтап, тиімді жоспарлау сияқты өнімділікті арттыруға ықпал етеді.
Жаз – тек жетістіктер кезеңі ғана емес, сонымен қатар күш-қуатты қалпына келтіретін уақыт. Нағыз өнімділік көбірек жұмыс істеуде емес, күшті дұрыс бөліп, еңбек пен демалыстың тепе-теңдігін сақтай білуде. Қарапайым пайдалы әдеттер жазды тиімді өткізуге, энергияңызды сақтауға және күзді шаршамай қарсы алуға көмектеседі.
МТАЖО сарапшыларының пікірінше, адамның физикалық және эмоционалдық жағдайына көңіл бөлу – кәсіби тиімділік пен өмір сапасының маңызды құрамдас бөлігі.