Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» акционерлік қоғамы («МТАЖО» АҚ) қоршаған ортаны қорғау идеясын қолдап, сенбілікке белсенді түрде қатысты.
Іс-шараға «МТАЖО» АҚ-ның 21 қызметкері, оның ішінде компания Президенті Дауенов Ернұр Нұрланұлы қатысты. Ұжым мүшелері ортақ мақсат жолында бірігіп, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін нақты іспен көрсетті.
Сенбілік Қарасу өзенінің жағалауында өтті. Қатысушылар аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазалап, қоршаған ортаны жақсартуға өз үлестерін қосты. Жұмыс барысында 21 қап қоқыс жиналып, белгіленген барлық жұмыстар толық көлемде орындалды. Нәтижесінде аумақтың санитарлық жағдайы қанағаттанарлық деңгейге жеткізілді.
Мұндай шаралар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруда, табиғатқа деген жанашырлықты арттыруда ерекше маңызға ие. «МТАЖО» АҚ-ның «Таза Қазақстан» акциясына қатысуы — ұйымның әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Алдағы уақытта да компания қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды қолдап, экологиялық жобаларға белсенді қатысуды жалғастырады.