



Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы мен «Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті» КЕАҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Медициналық орталықтың басшысы Алексей Цой мен университеттің басқарма төрағасының міндетін атқарушы – ректоры Бекежан Мырзаев қол қойды.
Келісім денсаулық сақтау, білім беру және медициналық туризм салаларында әріптестікті дамытуға бағытталған. Ынтымақтастық аясында кадрларды даярлау мен біліктілігін арттыру, студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тренингтер, форумдар мен семинарларды бірлесіп өткізу қарастырылған.
Сонымен қатар, меморандум тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және Қазақстанның халықаралық медициналық туризм аренасындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Тараптар нақты бастамаларды жүзеге асыру үшін «жол картасын» әзірлеуге, жыл сайын нәтижелерге мониторинг жүргізуге және ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге уағдаласты.
Алексей Цой меморандумға қол қою кадрлар даярлау мен медициналық туризмді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті және құжаттың жоғары практикалық маңыздылығын ерекше көрсетті:
«Бұл келісім медициналық туризмді дамыту мен мамандар даярлаудың жаңа көкжиектерін ашады. Ғылым, білім және практикалық денсаулық сақтау күштерін біріктіру жүйелі ынтымақтастық орнатуға және елге нақты пайда әкелуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді ол.
Меморандум бес жыл мерзімге жасалып, әрі қарай ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Анықтама үшін: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті – еліміздегі осы саладағы алғашқы мамандандырылған жоғары оқу орны. Университет дуалды оқытуды белсенді түрде енгізіп, Түркия Жоғары білім кеңесінің мүшелерін қоса алғанда, жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтасады.