



Жүрек-қантамыр ауруларына қатысты шұғыл көмек көрсетудің талаптары күшейген қазіргі жағдайда медициналық мамандар өз дағдыларын үнемі жетілдіруде. Осы бағытта 028 БП аясында Медициналық қызметкерлердің құзыреттілігін дамыту орталығы «Жүректің ишемиялық ауруының (ЖИА) жедел түрлері. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) сатысында жедел коронарлық синдромы (ЖКС) бар науқастарды бақылап жүргізу стратегиясы» тақырыбында семинар өткізді. Іс-шара Астана қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының ауруханасында өтті.
Практикалық дағдыларға басымдық
Шараның негізгі мақсаты – АМСК жағдайында, сондай-ақ стационарлық және оңалту мекемелерінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру болды. Бағдарлама ЖКС кезінде диагностика, алдын алу және емдеу шараларын ұйымдастыру мен жүргізуге кешенді көзқарасты қамтыды. Негізгі назар келесі аспектілерге аударылды:
- ЖКС қауіп-қатерін стратификациялау. Науқастың клиникалық көрінісіне байланысты зерттеулерді, фармакологиялық және интервенциялық емдеу әдістерін тағайындаудың көрсеткіштері мен қарсы көрсеткіштері қарастырылды.
- Интерактивті оқыту әдістері. Қатысушылар бастапқы білім деңгейін бағалаудан өтіп, практикалық жағдайларды талқылауға белсенді қатысып, ЖКС диагностикасы мен емінің заманауи тәсілдерін зерделеді.
- Дәлелді медицина. Бағдарлама халықаралық клиникалық нұсқаулықтар мен сарапшылардың келісім құжаттарына негізделді, бұл шұғыл жағдайларда бірыңғай стандарттарды қолдануға мүмкіндік береді.
Семинарды Гүлнар Қайырбекқызы Жүсіпова — медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты кардиолог-дәрігер жүргізді. Оның айтуынша, ЖКС кезінде алғашқы «алтын сағаттарда» дұрыс диагноз қоюмен тиімді ем шараларын уақытылы қолдану ем нәтижесіне және адам өмірін сақтауға тікелей әсер етеді.
«Семинар жедел әрекет ету және клиникалық негізделген шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Әрбір қатысушы өз білімін жаңартып, ЖКС-ты емдеудегі соңғы жетістіктермен танысуға мүмкіндік алды», — деді профессор Жүсіпова.
Өмірді құтқаратын кәсіби даму
Бұл оқыту АМСК қызметкерлері, терапевтер мен түрлі деңгейдегі денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлері арасында үлкен қызығушылық тудырды. Практикалық тәжірибе алмасу және күрделі клиникалық жағдайларды талқылау қатысушыларға ЖИА-мен ауыратын науқастарды жүргізудің өзекті тәсілдерін бекітіп, жедел ишемиялық жағдайлар кезіндегі асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берді.