Бүгінде корпоративтік мәдениет – жай ғана ережелер жинағы немесе әдеп кодексі емес. Ол қаржылық көрсеткіштерге, қызметкерлердің ынтасы мен клиенттердің бейілділігіне ықпал ететін стартегиялық ресурсқа айналған.
Корпоративтік мәдениет компанияның не істейтінін ғана емес, оны қалай істейтінін де сипаттайды. Оны ұйымның барлық деңгейіндегі әрекеттер мен тәртіпті айқындайтын ішкі компас десек те болады. Мәдениет мықты болса, ол қызметкерлерді компанияда ұстап қана қоймай, талантты, қабілетті мамандарды инновациялар құруға, ұзақмерзімді мақсаттарға қол жеткізуге тарта алады, – деді МТАЖО вице-президенті Айкен Утенова.
Бұл орталық 12 жылдан астам уақыттан бері Президент Іс басқармасы жүйесінің жұмысшыларының дағдыларын дамытумен айналысып келеді.
Корпоративтік мәдениет не үшін маңызды?
Зерттеулер корпоративтік мәдениеті мықты компаниялардың өнімділік, қызметкерлердің ынтасы және клиенттердің қанағаттану деңгейі сынды көрсеткіштер бойынша өз бәсекелестерінен 20-30%-ға тиімді екенін көрсеткен.
Қандай құндылықтар нәтижеге әсер етеді?
Мәдениет команда ішіндегі атмосфераны қалыптастырып қана қоймайды, сонымен бірге сыртқы әлеммен өзара әрекет ету стилін де айқындайды. Мысалы, Google немесе Tesla секілді инновацияларға бағдарланған компаниялар түрлі тәжірибелер жасау мен идеяларды қолдаудың арқасында сәттілікке қол жеткізеді.
Мықты корпоративтік мәдениет келесі бірнеше бағытта жұмыс істейді:
- Таланттарды тарту және ұстап қалу. Адамдар өз құндылықтары ұйымның миссиясымен сәйкес келетін компанияларды іздейді.
- Ынталылықты арттыру. Мақсаттар мен міндеттерді айқын түсіну қызметкерлерге өзін команданың бөлшегі ретінде сезінуіне көмектеседі.
- Клиент бейілділігінің өсуі. Өзінің шынайы құндылықтарын көрсете білетін компаниялар өз клиенттеріне жақындай түседі.
Сәттілікке қандай қателіктер кедергі келтіреді?
Алайда, әлсіз не жағымсыз мәдениет ең болашағы зор жобалардың да жүзеге аспай қалуына себеп болады. Компаниялар әдетте жиі жасайтын қателіктердің негізгілері:
- Жария еткен құндылықтары мен шынайы әрекеттерінің сәйкес келмеуі. Егер басшылар адалдық туралы айтып, бірақ оны іспен дәлелдей алмаса, бұл сенімді бұзады.
- Қызметкерлердің пікірін елемеу. Команданың дауысы ескерілмесе, онда қызметкерлердің ынтасы да әлсірейді.
- Бейімдеудің болмауы. Жылдам өзгеріп жатқан нарық жағдайында құндылықтың түп-тамырын жоғалтпастан, оларды жүзеге асыру әдіс-тәсілдерін жаңартып отыру маңызды.
Сәттілік мәдениетін қалай құруға болады?
МТАЖО сарапшысы мықты корпоративтік мәдениет құруға бастайтын үш негізгі қадамды ұсынады:
- Құндылықтарды айқын белгілеу. Ол түсініксіз ұрандар болмауы керек, оның орнына күнделікті өмірде қолданылатын түсінікті қағидалар болғаны абзал.
- Көшбасшылар үлгісі. Аталған құндылықтарды көрсетуі тиіс бірінші адам – компания басшысы болуы керек.
- Диалогты қолдау. Тұрақты талқылаулар, қызметкерлер арасында сауалнама жүргізу және кері байланыс орнату әлсіз жақтарды анықтап, өсуге бастайтын жолдарды табуға көмектеседі.
Сәттілік – құндылықтардың нәтижесі
Өз құндылықтарына басымдық берген компаниялар тамаша жетістіктерге қол жеткізеді. Мысалы, Patagonia компаниясында өзіндік ерекшеліктер мәдениеті мен ой-пікір және жұмыстағы еркіндік қызметкерлердің ынталылығын арттырып, кадр тұрақсыздығы көрсеткішін 4%-ға азайтқан. Ал әлемде бұл көрсеткіш 13%-ды құрайды.
Корпоративтік мәдениет – миссиядағы әдемі сөздер ғана емес, сәттілікке қол жеткізудің шынайы құралы. Құндылықтардың маңызын түсінетін компаниялар бәсекелестік басымдыққа ие болып, өз саласының көшбасшысы атануда.
Сәтті корпоративтік мәдениеттің негізінде құндылықтарды белгілеу ғана емес, оны күнделікті жүзеге асыру жатыр. Бұл – ұзақмерзімді инвестиция және ол әрқашан нәтиже береді, – деп түйіндеді Айкен Утенова.